Колледж миссиясы! Өз мамандығын еркін меңгерген жоғары білікті кадрларды дайындау.

Басты тақырып Алаштың аяулы ұлы Міржақып Дулатовтың туғанына 135 жыл толуына арналды.

 

Шараның мақсаты – Міржақып Дулатовтай Алаш қозғалысының қайраткері, жазушы, ақын, драматург, журналистің өмір-жолымен, шығармашылығымен, еңбегімен таныстыру, Қазақ үшін еткен еңбегін жас ұрпаққа үлгі ету:

 

“Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі —
Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!”-

 

деп, Міржақып ағамыздың жанын беруге дайын болған “Алаш” сөзінің мағынасын ұғындыру. Білімге, жаңашылдыққа ұмтылдыру. «Тәуелсіздік» деген асылымызды ардақтауға үндеу. Шара барысында студенттер ақын шығармаларын жатқа оқыды.

 

Қазақ деген ұлы елдің мәңгіге жойылып кетпей, сайын дала төсінде еркін көсіліп, жайқала өсуіне қасық қанын аямай жанкешті еңбек сіңірген, кеудесіндегі Отанға деген махаббатына адал болып өткен нар тұлғалар Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы бастаған жоғары білімді адамдар еді. Міржақып өзінің ХХ ғасырдың басындағы идеялармен бізге жарқын болашақ ашып беріп кетті.  “Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты.”- деп басталатын өлең жинағы қазақтарға жата бермей, елінің болашағын ойлауға итермелейтін ұранды туынды. Ал біз, өз кезегімізде, оның атын келешек ұрпаққа жеткізуіміз керек.

 

Міржақып  қазақ елі тарихында өшпес бір із қалдырды.  Әлихан Бөкейханов Ахмет пен Міржақыпқа айтқан бір сөзінде: «Шырағым, Ахмет, шырағым, Мирякуп, сендердің таңдаған жолдарың абақты жол, азапты жол»,- деген екен. Сол жолда өмірін сарп еткен нар тұлға ұрпақ жадында мәңгі өшпейді, жарқын болашаққа бастар жолда шамшырағы болып қызмет ете береді.